Астана қаласында бесінші отбасылық ғылыми-танымдық Pro.Nrg Fest 2026 фестивалі өтті.

Мерейтойлық іс-шара екі маңызды күн – Ғылым күні мен Ғарышкерлер күні қарсаңында ұйымдастырылды. Фестивальде су тақырыбы негізгі болып белгіленді, ал Flow of Science («Ғылым ағыны») тұжырымдамасы ғылымды, технологияны және өнерді қазіргі заманның басты сын-қатерлерінің бірі – су ресурстарын сақтау мәселесі төңірегінде біріктірді.

Биылғы жылы іс-шараға рекордтық деңгейде қатысушылар жиналды – 10 мыңнан астам тіркелу: оқушылар, педагогтер, ата-аналар, ғалымдар, сондай-ақ бизнес және коммерциялық емес сектор өкілдері. Фестивальді «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясы ұйымдастырды.

Pro.Nrg Fest 2026 бағдарламасы 40-тан астам баяндама мен 35 интерактивті форматты қамтыды. Олардың қатарында ғылыми квесттер, интерактивті digital-аймақтар болды. Дәстүр бойынша фестиваль бірнеше секцияға (ағындарға) бөлініп, әрқайсысы ғылым мен білімнің жеке бағыттарын ашып көрсетті.

Химия және биотехнология кафедрасының оқытушысы Ескендирова Азиза Айбекқызы мен 3-курс студенті Тлеубекова Айдарлым Нұрбекқызы «Science show» санатына «Судың көрінбейтін құрамы» тақырыбымен қатысып, ғылымды интерактивті форматта таныстырды. Сонымен қатар олар мектеп оқушыларының зерттеушілік дағдыларын дамытуға және STEM-ге қызығушылығын арттыруға бағытталған LabKit стартап-жобасын («Chemistry LabKit» және «Water quality») ұсынды.Фестиваль аясында талапкерлермен кәсіби бағдар беру жұмыстары да жүргізілді. Іс-шараға қатысу ғылымды дәріптеуге, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.