Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Жоба кітап оқуды насихаттауға, оқу мәдениетін дамытуға және кітапқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.
Марафон жеті бағыт бойынша өткізіледі: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын зияткер». Қатысушылар өз санатына сәйкес бағыттардың бірін таңдай алады.
Жоғары оқу орындарының студенттері үшін «Кітап оқитын университет» бағыты қарастырылған. Марафон барысында қатысушылар бекітілген тізім бойынша 15 кітап оқып, оқыған кітаптары туралы пікірлерімен бөлісіп, ұпай жинайды. Қорытынды кезеңде тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіліп, нәтижесінде финалистер мен жеңімпаздар анықталады.
Жоба 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады, ал қорытынды кезеңдері 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында өтеді. Қатысушыларды тіркеу 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін жүргізіледі.
Жобаға студенттермен қатар университет оқытушылары мен қызметкерлері де өздеріне сәйкес бағытты таңдап, қатыса алады. Марафонға қатысуға жас шектеуі қойылмайды.
Ualikhanov University университеттің барлық студенттерін, оқытушылары мен қызметкерлерін республикалық марафонға қатысып, кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастаманы қолдауға шақырады.
Тіркелу жобаның ресми платформасында жүргізіледі - www.reading-nation.kz.