26 қыркүйек «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Көкшетау қаласының әкімдігі, Жастар ресурстық орталығы және Ualikhanov University бірлесіп плоггинг өткізді.

Іс-шара жалпы дене жаттығуынан басталды. Одан кейін университет студенттері, қала жастары, еріктілер мен түрлі ұйымдардың өкілдері белгіленген бағыт бойынша плоггингке шықты.

Плоггинг бағыты Ualikhanov University аумағынан басталып, Бұқпа шоқысына дейін жалғасты. Қатысушылар жол бойындағы қоқысты жинап, қала аумағының тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

Плоггинг – дене белсенділігі мен қоршаған ортаға қамқорлықты ұштастыратын экологиялық қозғалыс. Мұндай шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Таза Қазақстан» аясындағы осындай бірлескен бастамалар жастарды қоршаған ортаны қорғауға жұмылдырып, қаланың тазалығы мен табиғатты сақтау әр адамның күнделікті жауапкершілігінен басталатынын көрсетеді.

Таза орта – ортақ жауапкершілік!