14 тамызда Aqmola Hub алаңында өткен Pizza Pitch байқауында Ualikhanov University студенттерінің Sator стартапы үздік деп танылып, I орынды және 200 000 теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді.
Байқауда өңірдің 10 стартап-командасы бақ сынап, сарапшылар назарына AI, IoT, EdTech, агротехнологиялар, логистика, қауіпсіздік және цифрлық сервистер саласындағы жобаларын ұсынды.
Sator жобасын Ualikhanov University-дің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кафедрасының студенттері Мовсар Бузуртанов пен Даниял Нурланов әзірлеген.
Бұған дейін AgroMind атауымен дамыған Sator - ауыл шаруашылығына арналған интеллектуалды AI-агроном. Жоба спутниктік мониторинг пен машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану арқылы ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайын талдауға, өнімділікті жоғары дәлдікпен болжауға және климаттық тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді.
Студенттік идеяның кезең-кезеңімен жетіліп, нақты технологиялық шешімге айналып, бүгінде өңірлік стартап алаңында үздік атануы - жас әзірлеушілердің жүйелі еңбегінің нәтижесі.Pizza Pitch қатысушылар үшін өз жобасын таныстырып қана қоймай, сарапшылардан кәсіби кері байланыс алуға, тәжірибе алмасуға және жобаны одан әрі дамытудың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға жол ашты.
Мовсар Бузуртанов пен Даниял Нурлановты жеңісімен құттықтаймыз! Sator командасына жобаны одан әрі жетілдіріп, жаңа серіктестер тауып, технологиялық шешімін сұранысқа ие өнімге айналдыру жолында толағай табыс тілейміз!
Жаңа идеялар мен жаңа стартап-жетістіктерге жол ашық болсын!