Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев пен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гүлнар Жәнібекова жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум студенттердің құқықтық білімін жетілдіруге, құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі ұзақ мерзімді бірлескен жұмысты көздейді. Ынтымақтастық аясында дәрістер, семинарлар мен пікірталастар өткізу, студенттердің Омбудсмен институты өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру, студенттік құқықтық клубтарды дамыту, жастар бастамаларын қолдау, сондай-ақ студенттерді зерттеу және ағартушылық жобаларға тарту жоспарланған.

Іс-шара «Құқықтық сағатпен» жалғасты. Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен жүздесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі «Заң және тәртіп» қағидаты болды. Университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ардақ Қапышев студенттерге заң талаптарын сақтаудың, құқықтық мәдениет пен жеке жауапкершіліктің маңызы туралы айтты.

Кездесуге Ақмола облысының прокуратурасы, Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері, сондай-ақ Жастар денсаулық орталығының мамандары қатысты. Студенттермен өрт қауіпсіздігі, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық пен нашақорлықтан сақтану, қаржылық қауіпсіздік және жастар денсаулығына қатысты мәселелер талқыланды

Кездесу барысында студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, нақты түсіндірмелер алды.

Қол қойылған меморандум бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды кеңейтуге мүмкіндік береді.Мұндай кездесулер студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңдылық пен қоғамдық жауапкершілік мәселелеріне саналы көзқарасын дамытуға ықпал етеді.