28 қазанда Ualikhanov University-де Қытайдың Шэньси педагогикалық университеті (Shaanxi Normal University) Білім беру факультеті деканының орынбасары, жасанды интеллект және STEM-білім беру зерттеу орталығының директоры, профессор Ма Хунлянмен (Hongliang Ma) кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – екі университет арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, PhD докторанттарын бірлесіп даярлау және ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау.
Келіссөздер барысында Қытай үкіметінің «Жібек жолы» стипендиялық бағдарламасы аясында докторантурада білім алу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. 2026 - 2027 оқу жылына Шэньси педагогикалық университетінің Білім беру факультетінде шетелдік докторанттарға толық стипендиялық қамтамасыз етумен 30 орын қарастырылған. Бағдарлама салыстырмалы білім беру, оқыту теориясы мен әдістемесі, білім беру технологиялары, жоғары білім және білім беру экономикасы бағыттарын қамтиды.
Тараптар докторанттарға екі университет ғалымдарының бірлесіп ғылыми жетекшілік ету тетіктерін де талқылады. Бұл бастама қазақстандық зерттеушілердің халықаралық ғылыми ортаға кірігуіне, тәжірибе алмасуына және еліміздің білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді бірлесіп зерттеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ортақ ғылыми жобаларды әзірлеу, халықаралық ғылыми басылымдарда бірлескен мақалалар жариялау және зерттеу гранттарына қатысу мәселелері қарастырылды.
Профессор Ма Хунлян – білім беру технологиялары, STEM-білім беру және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу саласындағы тәжірибелі зерттеуші. Оның ғылыми еңбектері білім беруді цифрлық трансформациялау, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және заманауи оқыту әдістерін жетілдіру мәселелеріне арналған.
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өзара түсіністік туралы меморандум әзірлеу және докторанттарды бірлесіп даярлаудың пилоттық бағдарламасын іске қосу мүмкіндіктерін қарастырды.
Шэньси педагогикалық университетімен әріптестікті дамыту Ualikhanov University үшін ғылыми кадрларды даярлаудың халықаралық мүмкіндіктерін кеңейтіп, бірлескен зерттеулерді жүзеге асыруға және білім беру саласындағы академиялық байланыстарды нығайтуға жол ашады.