5 қарашада Ualikhanov University Ш. Сәдуақасов атындағы Агротехникалық институтының Ауыл шаруашылығы және биоресурстар кафедрасының филиалы Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінің базасында салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға Агротехникалық институттың директоры С.К. Мемешов, «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Г.К. Батталов, Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының жетекшісі С.А. Балпанова, Ауыл шаруашылығы және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі М.Н. Сураганов, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы және «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» білім беру бағдарламасының студенттері қатысты.
Іс-шара барысында университет пен орман шаруашылығы мекемесі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге, салалық мекемемен байланысты нығайтуға және болашақ мамандардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Кафедра филиалының ашылуы «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» білім беру бағдарламасының студенттеріне теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Енді олар орман шаруашылығы мекемесінің базасында тәжірибеден өтіп, саланың жұмыс ерекшеліктерімен танысып, орманды қорғау мен сақтау саласындағы заманауи технологияларды меңгере алады.
Іс-шара барысында мекеменің материалдық-техникалық базасына ерекше назар аударылды. «Бұқпа» орман шаруашылығында орман өрттерін бақылау және ерте анықтау жүйесімен жабдықталған жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ орман алқаптарының жай-күйін бақылау, өрт қаупі бар аумақтарды анықтау және жағдайды әуеден бағалау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады.
Бұл ынтымақтастық студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне, кәсіби дағдыларын дамытуына және болашақ мамандығына жан-жақты дайындалуына қосымша мүмкіндіктер береді.
Ualikhanov University өңірдегі кәсіпорындармен және салалық мекемелермен әріптестікті кеңейтіп, тәжірибеге негізделген білім беруді дамытуға басымдық беріп келеді. Мұндай ынтымақтастық студенттердің оқу барысында кәсіби ортада тәжірибе жинақтауына, заманауи технологияларды меңгеруіне және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.