Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында алғаш болып өз ғимараттарын ӨMIP ұлттық жүйесі бойынша экологиялық сертификаттаудан өткізді.
2026 жылғы тамызда университеттің Бас оқу ғимараты мен үш студенттік жатақханасы экологиялық сертификаттаудан өтті. Бас оқу ғимараты «ӨMIP - жаңғыртылған оқу ғимараттары» стандарты бойынша қорытынды сертификатқа ие болды.
18 қыркүйекте Ualikhanov University-де ӨMIP сертификаттары мен жасыл таңбалау белгілерін салтанатты табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға университет басшылығы, Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесінің (KazGBC) өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
«ӨMIP» – Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесі (KazGBC) әзірлеген ғимараттарды экологиялық бағалау мен сертификаттаудың ұлттық жүйесі. Экологиялық бағалау барысында ғимараттардың энергия тиімділігі мен климаттық тұрақтылығы, су сапасы мен ішкі ортаның жай-күйі, ресурстарды тұтыну, қалдықтарды басқару, қауіпсіздік пен қолжетімділік, іргелес аумақтың экологиялық жағдайы және ғимараттарды басқару жүйесі ескерілді. Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша Бас оқу ғимараты стандарттың барлық міндетті талаптарына сәйкес келді.
Салтанатты рәсім аясында Бас оқу ғимаратындағы ӨMIP жасыл таңбалау белгісі ашылды. Сондай-ақ Ualikhanov University мен Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесі (KazGBC) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық жасыл құрылыс қағидаттарын дамытуға, білім беру бастамаларын ілгерілетуге және орнықты даму саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Іс-шара барысында KazGBC өкілдері студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына тақырыптық дәрістер өткізді. Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесінің директоры Александр Белый, Ph.D Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуіндегі жасыл ғимараттардың рөлі туралы баяндады. KazGBC техникалық директоры Айман Шопаева, MSc энергия тиімді ғимараттан экологиялық жауапты өмір салтына көшудегі университеттердің рөліне тоқталды.
Ғимараттардың экологиялық сертификаттаудан өтуі Ualikhanov University-дің «жасыл университет» қағидаттарын жүйелі түрде енгізу бағытындағы маңызды қадамы болды. Университет ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру, заманауи әрі қауіпсіз инфрақұрылымды дамыту және университет қауымдастығында экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үндесіп, соның ішінде ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» мақсатына қол жеткізуге үлес қосады.
Ualikhanov University көлдері мен орманды алқаптарға бай Ақмола өңірінде орналасқан. Өңір аумағында еліміздің маңызды ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының бірі – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар. Осындай бірегей табиғи ортада орналасқан университет үшін «жасыл университет» қағидаты – қоршаған ортаны сақтауға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және орнықты даму мәдениетін қалыптастыруға негізделген ұзақмерзімді ұстаным.