22 мамыр күні Ualikhanov University-ге Қытай Халық Республикасының жетекші ғылыми ұйымдарының бірі – Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (Shandong Academy of Agricultural Sciences) делегациясы арнайы жұмыс сапарымен келді. Делегацияны академия директорының орынбасары Ван Юйтао бастап келді.

Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру, халықаралық ғылыми-техникалық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін қарастыру және аграрлық сала үшін білікті кадрлар даярлау бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейту болды.

Кездесу барысында университет басшылығы мен С. Сәдуақасов атындағы агротехникалық институттың ғалымдары оқу орнының ғылыми әлеуетін, жүзеге асырылып жатқан зерттеу жобаларын және ауыл шаруашылығы, биоресурстар, агротехнологиялар мен инженерлік шешімдер салаларындағы басым бағыттарды таныстырды. Сондай-ақ білім беру үдерісін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, халықаралық гранттық жобаларға бірлесіп қатысу және заманауи технологияларды дамыту бағыттарында ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы делегациясының сапары Ualikhanov University-дің халықаралық серіктестік байланыстарын одан әрі нығайтуға жол ашып, ғылым мен инновация саласындағы жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға берік негіз қалыптастырды.