13 қарашада Ualikhanov University-де «Инклюзивті білім беру: өңірлік қажеттіліктер, ғылыми әлеует және практикалық шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында инклюзивті білім беру ортасын дамыту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеге енгізу және өңірдегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдары талқыланды.

Іс-шараға Ualikhanov University-дің ғылыми жұмыс және өңірмен өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры, кездесудің модераторы Айгүл Досжанқызы Жақыпова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Ерланұлы Айтбаев, Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Әйгерім Болатқызы Қошанова, Ақмола облысы білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының басшысы Сайран Азнабайқызы Шокимова, Көкшетау қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектептің директоры Мадина Бельгибайқызы Қожубаева, сондай-ақ педагог-психологтер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен университет ғалымдары қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – Ualikhanov University ғалымдары өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып әзірлеген екі ғылыми-қолданбалы жобаны таныстыру және талқылау болды.

  • «АДАЛ LAND-SCHAFT» жобасын Ualikhanov University-дің педагогика, психология және жас ерекшелік даму кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Әсел Қалымова таныстырды. Жоба ата-аналар мен педагогтерге психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің қолжетімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Оның негізінде отбасы, мектеп және мамандар арасындағы өзара байланысты нығайтатын модель жатыр. Жоба аясында психологтердің кеңестері, оқыту семинарлары мен практикалық көмек көрсету көзделген. Алдымен Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында сынақтан өткізіліп, кейін Ақмола облысының басқа аумақтарына енгізу жоспарлануда.
  • «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен белсенді серіктестік орнату үшін мектепте кедергісіз орта ұйымдастыру» жобасын Ualikhanov University-дің «Инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дмитрий Лепешев таныстырды. Жоба мектеп, ата-аналар мен мамандар арасындағы ынтымақтастықтың ғылыми негізделген моделін әзірлеуге және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Екі жоба да университетте 2025 жылы ашылған «Инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасының базасында әзірленді. Бір жыл ішінде зертхана ғалымдары оқытушылар мен жоғары оқу орындарына арналған әдістемелік ұсынымдар дайындап, өңірлік ұйымдармен ынтымақтастық орнатты және халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ұсынылған жобалардың практикалық маңызын, оларды облыстың білім беру ұйымдарында жүзеге асыру мүмкіндіктерін және облыстық бюджет есебінен қаржыландыру мәселелерін талқылады.

Басты мақсат - университет ғалымдарының зерттеулерін өңірдегі мектептер, педагогтер, ата-аналар мен ерекше қолдауды қажет ететін балалар үшін нақты пайдасы бар шешімдерге айналдыру. Бұл бағыттағы ынтымақтастық университеттің ғылыми әлеуеті мен өңір мамандарының тәжірибесін біріктіріп, инклюзивті білім беруді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.