Бүгін Ualikhanov University-де Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің өкілдерімен кездесу өтті.

Іс-шараға Ualikhanov University ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаев, университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс музейі директорының орынбасары Януш Марщалец, музейдің Ғылым бөлімінің бас маманы Дмитрий Панто, аға маманы Енджей Пекара және «Ақмола облысы поляктарының бірлестігі» ҚБ төрағасы Наталья Нагачевская қатысты.

Кездесу барысында университет ректоры Польша делегациясын Ualikhanov University қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Өз кезегінде, делегация өкілдері университет студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамына Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейіне барып, оның қызметімен және тарихи экспозицияларымен танысу мүмкіндігі туралы айтып өтті.

Тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту, ғалымдар алмасу, тағылымдамалар ұйымдастыру, тарихи зерттеулер жүргізу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысында Ualikhanov University мен Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат екіжақты әріптестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және жаңа бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.