Сапар барысында Тамара Қасымқызы Ualikhanov University-дің инфрақұрылымымен және инновациялық білім беру жобаларымен танысты. Ол цифрлық құзыреттер мен жасанды интеллект бағыттарын дамытуға арналған Tomorrow School білім беру кеңістігінің жұмысымен танысты. Бүгінде бұл алаң IT және AI салаларында жаңа буын мамандарын даярлайтын маңызды орталықтардың біріне айналып отыр.
Сонымен қатар Тамара Дүйсенова «Инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасының қызметімен танысты. Зертханада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен студенттерді қолдау, инклюзивті білім беру ортасын дамыту бағытында ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Кездесу барысында инклюзивті білім беруді дамыту, заманауи қолдау әдістерін енгізу және барлық білім алушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Тамара Қасымқызы «ЯМР-спектроскопиясы» зертханасының жұмысымен танысып, наноғылым мен нанотехнология саласында жүргізіліп жатқан заманауи ғылыми зерттеулердің маңыздылығын атап өтті.
Сапар аясында аға буын өкілдеріне арналған бірегей әлеуметтік-білім беру жобасы Күміс университеті жобасының қызметімен де танысты. Бағдарлама өмір бойы білім алу қағидатын қолдауға, цифрлық сауаттылықты, шығармашылық және коммуникациялық дағдыларды дамытуға бағытталған.
Сапар барысында Тамара Дүйсенова университет қызметкерлерімен пікір алмасып, білім беру саласын дамыту, заманауи кадрлар даярлау және университеттердің елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы рөлі жөнінде әңгімелесті. Сонымен қатар университет басшылығымен қала және облыстағы жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерін Ualikhanov University-дің ғылыми-педагогикалық әлеуетін пайдалана отырып қайта даярлау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Бүгінде Ualikhanov University инновациялар мен әлеуметтік бастамаларды ұштастыра отырып, заманауи білім беру және ғылыми экожүйені қарқынды дамытуда.