Ualikhanov University әлемдегі тұрақты даму саласындағы ең беделді рейтингтердің бірі - Times Higher Education Impact Rankings 2026 рейтингінде өз позициясын нығайтты.
2026 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша университет әлемнің 601 - 800 үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді. Бұл нәтиже оқу орнының білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бағытындағы жүйелі жұмысының жемісі болып табылады.
Биыл Ualikhanov University «Сапалы білім» (SDG 4) бағыты бойынша әлемнің 101 - 200 үздік университеттері қатарына еніп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар «Теңсіздікті азайту» (SDG 10) көрсеткіші бойынша 201 - 300 тобына кірді. Бұдан бөлек, университет денсаулық сақтау, инновациялар, гендерлік теңдік, қоршаған ортаны қорғау, жауапты тұтыну және халықаралық әріптестік секілді бірқатар бағыттар бойынша да жоғары нәтижелер көрсетті.
Times Higher Education Impact Rankings рейтингі әлем университеттерінің Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 Тұрақты даму мақсатын жүзеге асыруға қосқан үлесін бағалайды. Бағалау барысында білім беру сапасы, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі, қоғамға әсері, экологиялық жауапкершілік, серіктестікті дамыту және университеттің басқару тиімділігі сияқты маңызды көрсеткіштер ескеріледі.
Бұл жетістік Ualikhanov University-дің халықаралық білім беру кеңістігіндегі беделінің артып келе жатқанын, сондай-ақ тұрақты даму қағидаттарын білім беру, ғылым және қоғаммен өзара іс-қимылдың негізгі бағыты ретінде жүйелі түрде жүзеге асырып отырғанын айқын көрсетеді.