2026 - 2027 оқу жылында Ualikhanov University-ге «Серпін» бағдарламасы аясында 178 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Гранттар педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша сұранысқа ие мамандарды даярлауға арналған.
Бөлінген гранттардың ішінде:
• 88 грант педагогикалық бағыттарға;
• 90 грант техникалық және ауыл шаруашылығы бағыттарына тиесілі.
Талапкерлер математика, физика, информатика, химия, биология, география, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мұғалімдерін даярлау, педагогика және психология, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағыттарымен қатар көлік технологиялары, механика және металл өңдеу, азық-түлік өндірісі, құрылыс, тау-кен ісі, өсімдік және мал шаруашылығы, орман шаруашылығы, агроинженерия секілді сұранысқа ие техникалық және аграрлық білім беру бағдарламалары бойынша білім ала алады.
«Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінетін гранттар жалпы мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қосымша ұсынылады. Бұл талапкерлерге мемлекеттік грант негізінде жоғары білім алуға қосымша мүмкіндік береді.
«Серпін» – еліміздің кадр тапшылығы байқалатын өңірлерін білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік білім беру бағдарламасы. Бағдарлама халық тығыз орналасқан өңірлердің түлектеріне мемлекеттік грант негізінде жоғары білім алып, оқуын аяқтағаннан кейін еңбек күші қажет аймақтарда жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Осылайша, жоба жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және білікті кадрлық әлеуетін нығайтуға өз үлесін қосады.