Ғылым күндері аясында «Ғылым Talks: Ғылым және қоғам - әйел-ғалымның үні» атты кездесу өтті
Қоғамға ғылыми зерттеулер не үшін қажет? Ғылым күнделікті өмірге қалай әсер етеді? Неліктен жастарды зерттеу қызметіне тарту маңызды? Осы және басқа да сұрақтар Ғылым күндері аясында, «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының бастамасымен өткен «Ғылым Talks: Ғылым және қоғам - әйел-ғалымның үні» атты кездесуде талқыланды. Іс-шара ғылым, қоғам және белсенді жастар өкілдерін біріктірді. Оған «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері мен Ualikhanov University-дің әйел-ғалымдары қатысты.
Кездесудің мақсаты - ғылымға қызығушылықты арттыру және жастарды зерттеу қызметімен айналысуға ынталандыру.
Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов құттықтау сөз сөйлеп, ғылымды дамыту мен жас зерттеушілерді қолдау қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Айнагүл Балташева өз сөзінде әйел-ғалымдардың елдің зияткерлік әлеуетін нығайтудағы рөлі ерекше екенін айтты.
Ualikhanov University-дің ғылыми жұмыс және өңірмен өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы Айгүл Жақыпова Ақмола облысындағы әйел-ғалымдардың ғылыми жобаларға белсенді қатысуы туралы айтып, олардың ғылым мен қоғам дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
Кездесудің басты ерекшелігі - ашық ғылыми диалог форматында өтуі болды. Ғалымдар өз зерттеулері туралы қарапайым әрі түсінікті тілде айтып, нақты мысалдар, тәжірибелік кейстер мен ғылыми жобалардың нәтижелерімен бөлісті. Қатысушылар ғылымның қоғамға қандай нақты пайда әкелетінін және ғылыми жетістіктердің күнделікті өмірде және өндірісте қалай қолданылатынын көре алды.
Іс-шара спикерлері ретінде университет ғалымдары - Айгүл Құрманбаева, Динара Кауметова, Күлсара Рүстемова және Гүлгүл Искакова сөз сөйлеп, экология, тау-кен ісі, медицина және филология салаларындағы зерттеулерімен бөлісті. Олар ғылыми идеялардың қоғам үшін нақты шешімдерге қалай айналатынын көрсетті.
Ғылымды дамытуға қосқан үлесі және қоғамдық белсенділігі үшін спикерлер «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Кездесу ғылыми зерттеулердің маңызын кеңінен түсіндіруге және жастардың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.