Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев жаңа академиялық жылдың алғашқы шақырылған профессоры - АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласындағы Колорадо университетінің (UCCS) профессоры Скотт Купферманмен кездесті.
Кездесу барысында ректор профессорды университетке келуімен құттықтап, алдағы академиялық және ғылыми жұмысына сәттілік тіледі. Тараптар инклюзивті білім беру, қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Скотт Купферман - PhD, UCCS профессоры, арнайы білім беру бағдарламасының жетекшісі және Fulbright бағдарламасының стипендиаты. Оның ғылыми және кәсіби қызметі арнайы және инклюзивті білім беру, қолжетімді орта мен ассистивті технологиялар бағыттарын қамтиды.
Профессор бір ай бойы Ualikhanov University-де студенттерге инклюзивті білім беру, оқытудың әмбебап дизайны, жасанды интеллект негізіндегі тілдік құралдар және цифрлық сторителлинг бағыттары бойынша дәрістер өткізеді. Сондай-ақ магистранттар, докторанттар және профессорлық-оқытушылық құраммен жұмыс істейді.
Шақырылған профессордың жұмысы халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа академиялық байланыстар орнатуға және университеттегі инклюзивті білім беру бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.