Қазақстанда мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. 2026–2027 оқу жылында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бакалавриат бағдарламалары бойынша білім алуға 60 мыңнан астам мемлекеттік білім беру грантын бөлді.

Жалпы конкурс аясында бөлінген гранттардан бөлек, Ualikhanov University-ге педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша қосымша 335 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді.

Қосымша бөлінген гранттардың 175-і педагогикалық бағыттарға, ал 160-ы техникалық және ауыл шаруашылығы бағыттарына тиесілі. Биыл университеттің 40-тан астам білім беру бағдарламасы мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысады.

Қосымша мемлекеттік білім беру гранттары еңбек нарығында сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша бөлінді. Олардың қатарында педагогика және психология, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, бастауыш білім беру, математика, физика, информатика, химия, биология, география, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және шетел тілдері мұғалімдерін даярлау бағыттары бар. Сонымен қатар техникалық және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша механика және металл өңдеу, көлік техникасы мен технологиялары, азық-түлік өнімдерінің өндірісі, қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс, агроинженерия, агрономия және басқа да сұранысқа ие білім беру бағдарламаларына мемлекеттік гранттар бөлінді.

Бакалавриаттың білім беру бағдарламаларына құжат қабылдау 2026 жылғы 1 шілде мен 25 тамыз аралығында жүргізіледі. Ал мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 13–20 шілде аралығында жүзеге асырылады.

Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысып, сапалы білім мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Ualikhanov University студенті атануға шақырамыз.