2026 жылғы 26 маусымда Ualikhanov University-де «Оқу үдерісіне мәдениетаралық білім беруді кіріктіру: еуропалық және қазақстандық тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара «Еуропалық Одақ: мәдени әртүрлілік пен толеранттылықты ілгерілету» (European Union: Promoting Cultural Diversity and Tolerance, EUDIVE) жобасы аясында Erasmus+ Jean Monnet Module бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Конференция барысында мәдениетаралық білім беруді дамыту, мәдени әртүрлілік пен толеранттылықты дәріптеу, сондай-ақ халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізудің өзекті мәселелері талқыланды.
Іс-шара аясында жоба үйлестірушісі Айнагүл Исмагулова және жоба тобының мүшелері Гүлмира Ракишева мен Эльмира Герфанова EUDIVE Jean Monnet модулін іске асыру нәтижелерін таныстырып, жобаның еуропалық құндылықтарды, мәдениетаралық диалог пен толеранттылық мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесіне арналған зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
«Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының студенттері Аружан Қаужан, Анастасия Баранова және Мәдина Қуышбаева жастардың инклюзивтілік пен ортақ құндылықтарды ілгерілетудегі рөліне арналған баяндамалар жасап, Еуропа университеттеріндегі академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу тәжірибелерімен бөлісті.
Халықаралық баяндамамен Лодзь техникалық университетінің (Lodz University of Technology) және Польшадағы ағылшын тілі мұғалімдерінің халықаралық қауымдастығының (IATEFL Poland) өкілі Магдалена Галай сөз сөйледі. Ол педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамытудағы еуропалық тәсілдерді таныстырып, еуропалық білім беру кеңістігінде болашақ мұғалімдерді даярлаудың заманауи тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция мазмұнды пікірталаспен қорытындыланып, қатысушылар мәдениетаралық білім беруді дамыту, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту және Еуропаның үздік тәжірибелерін Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне енгізу перспективаларын талқылады.