Бүгін Ualikhanov University-де профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен «Жаңа саяси белес: Құрылтай және қоғамдық-саяси дамудың жаңа бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясымен тұспа-тұс келді. Осыған орай университет алаңында Құрылтайдың еліміздің жаңарған саяси жүйесіндегі орны мен рөлі, сайлау қорытындылары, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы және саяси-құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстелді университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ардақ Қапышев жүргізді.
Тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының сеньор-лекторы Раушан Жусупова «Құрылтай сайлауы: Қазақстанның дамуындағы азаматтық қатысудың рөлі» тақырыбында сөз сөйлеп, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге саналы қатысуы мен азаматтық жауапкершіліктің маңызына тоқталды.
Құқық кафедрасының сеньор-лекторы Евгений Максименко «Құрылтай - Қазақстандағы жоғары өкілді билік органының жаңа формасы» тақырыбында баяндама жасап, Құрылтайдың құқықтық мәртебесі мен еліміздің саяси жүйесіндегі орнына тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар Құрылтай сайлауының қоғамдық-саяси маңызы, жаңа өкілді органның қызметі және елдегі саяси жаңғыру үдерістері төңірегінде пікір алмасты.
Университет алаңындағы мұндай сараптамалық кездесулер қоғамдағы маңызды өзгерістерді кәсіби тұрғыдан талқылауға, қоғамдық-саяси үдерістерді тереңірек түсінуге және саяси-құқықтық мәдениетті арттыруға мүмкіндік береді.