25 тамыз күні Ualikhanov University-де Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Жастардың қоғамдық-саяси үдерістердегі жауапкершілігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуге Ақмола өңірінің жастар активі қатысып, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі, азаматтық жауапкершілігі мен саяси мәдениетіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Іс-шара жастардың саяси және азаматтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық-саяси үдерістерге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға және саяси-құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Сонымен қатар кездесуде Құрылтай сайлауының маңызы, жастардың елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге қатысуы және жас ұрпақтың қоғам алдындағы жауапкершілігі талқыланды.

Дөңгелек үстелді университет ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аманбай Асылбайұлы Сейткасымов ашып, жастардың елдегі қоғамдық үдерістерге саналы әрі белсенді қатысуының маңызына тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында Ақмола облысы «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ NEET санатындағы жастармен жұмыс және кеңес беру бөлімінің басшысы Шыңғысхан Елеш «Жастар және мемлекет: жастар не күтеді және мемлекет бүгін не ұсынады?» тақырыбында сөз сөйледі. Ол жастар мен мемлекет арасындағы өзара байланыс, жас буынның қоғамдық өмірге араласуы және жастар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер жөнінде ой қозғады.

Орталықтың NEET санатындағы жастармен жұмыс және кеңес беру бөлімінің маманы Ақжайық Қоныс «Әлеуметтік желілер дәуіріндегі жастардың саяси мәдениеті» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі ақпараттық кеңістіктің жастардың көзқарасы мен саяси мәдениетінің қалыптасуына ықпалына тоқталды. Сондай-ақ Ualikhanov University-дің «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Ахсунхар Хуат сөз сөйлеп, жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен қоғамдық бастамаларға қатысуының маңызы жөнінде пікір білдірді.

Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу және сұрақ-жауап форматында жалғасты. Қатысушылар жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы, ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау, азаматтық жауапкершілік пен саяси сауаттылық мәселелері бойынша ой бөлісті. Жастармен осындай ашық кездесулер өткізу олардың қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, өз ойын еркін жеткізуіне және азаматтық ұстанымын қалыптастыруына ықпал етеді. Ualikhanov University алдағы уақытта да жастармен ашық диалог орнатуға, олардың бастамалары мен белсенді азаматтық ұстанымын қолдауға бағытталған жұмысты жалғастыра бермек.