Ualikhanov University-де Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері бас қосты.

Мерекелік кеш барысында ер азаматтарға құрмет көрсетіліп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет еткен әкелер мен аталардың еңбегі ерекше аталып өтті. Студенттердің патриоттық әндері мен би қойылымдары кештің мазмұнын айшықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара аясында университет ректоры Марат Сырлыбаев Педагогикалық және Агротехникалық институт студенттеріне белсенді азаматтық ұстанымы мен қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.

Агротехникалық институттың студенті, университет жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Хуат Ахсұңқар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Марапат студенттің «Жаңа Конституция» жобасын сапалы дайындауға, сондай-ақ республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге қосқан ерекше үлесі үшін берілді.

Сонымен қатар референдум жұмыстарына белсенді қатысқан бірқатар белсенді студенттерге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалициясының төрағасы Ерлан Қошановтың және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік кездесу жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты нығайтып, елге қызмет ету, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды құрметтеу идеяларын дәріптеген тағылымды шараға айналды.