19 мамыр күні Ualikhanov University алаңында «Қазақстанның қазіргі кезеңдегі конституциялық дамуы» тақырыбында студенттік Конституциялық форум өтті. Форум Қазақстан Республикасының конституциялық дамуы, құқық үстемдігі, демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды ғылыми-пікірталас алаңына айналды.

Форум аясында қатысушылар конституциялық реформалар, адам құқықтарын қорғау, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту, саяси плюрализм мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Іс-шараға Қазақстанның жетекші ғалымдары, профессор-оқытушылар құрамы, құқық қорғау органдарының өкілдері, ғылыми қауымдастық, БАҚ өкілдері, сондай-ақ студенттер мен жас ғалымдар қатысты.

Форум спикерлері ретінде заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық заң академиясының академигі Алуа Саламатқызы Ибраева және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Динара Қанатқызы Тәженова сөз сөйледі. Спикерлер Жаңа Конституциядағы өзгерістерді түсіндіріп, олардың еліміздің құқықтық және демократиялық дамуы үшін маңыздылығын жастармен бірге талқылады.

Форум жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, ашық пікір алмасуға және конституциялық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды алаң болды.