Бүгін Ualikhanov University-де Ақмола облысының Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бірінші курс студенттеріне арналған кездесу өтті. Кездесуге Ақмола облысы Полиция департаментінің өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты - жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық жауапкершілігін күшейту және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

Кездесу барысында Ақмола облысы Полиция департаменті Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Курсанова жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткінің зияны және заң алдындағы жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары тобының аға инспекторы, полиция майоры Ботагөз Сәдуақасова киберқауіпсіздік ережелері мен интернет кеңістігіндегі жеке қауіпсіздік шаралары туралы баяндады.

Сондай-ақ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Сатубаев пен Полиция департаментінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Даниил Головченко қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, онлайн-алаяқтық пен дропперлік схемаларға тартылудың қауіптері және оның құқықтық салдары жөнінде ақпарат берді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Жастарға интернет кеңістігінде сақтық шараларын сақтау, заң талаптарын құрметтеу және өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну қажеттігі айтылды.

Ualikhanov University жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Жаңа Конституцияда айқындалған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы жауапкершілік пен құқықтық мәдениеттің маңызды негіздерінің бірі. Сондықтан оның мәнін жастарға дұрыс жеткізу, заңды құрметтейтін, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын саналы азамат тәрбиелеу - университеттің тәрбие жұмысындағы маңызды міндеттердің бірі.