Ualikhanov University-де мектеп оқушылары арасында бейнелеу өнері бойынша XXVI қалалық олимпиада өтті
14 мамыр күні Ualikhanov University-де Цифрландыру және жасанды интеллект жылына арналған мектеп оқушылары арасындағы бейнелеу өнері бойынша XXVI қалалық олимпиада өтті. Іс-шараны шығармашылық және спорт кафедрасы ұйымдастырды.
Олимпиадаға Көкшетау қаласының мектеп оқушылары қатысып, шығармашылық қабілеттерін, көркемдік ойлауын және өнерге деген қызығушылықтарын көрсетті. Қатысушылар композиция және кескіндеме бағыттары бойынша тапсырмалар орындап, өз жұмыстарында шығармашылық көзқарас пен заманауи идеяларды ұштастырды.
Олимпиаданың басты мүмкіндіктерінің бірі — 11 сынып оқушылары арасынан жеңімпаз атанған қатысушылар Ualikhanov University-дің “Көркем білім (IP)” және “Еңбекке баулу және кәсіпкерлік негіздері (IP)” білім беру бағдарламаларына шығармашылық емтихансыз оқуға түсу мүмкіндігіне ие болады.
Олимпиада аясында мұғалімдерге арналған викториналар мен шығармашылық алаңдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар педагогтер үшін жасанды интеллект тақырыбында семинар өтіп, шығармашылық бағыттағы тәжірибелік жұмыстар жүргізілді.
Іс-шараның басты мақсаты - дарынды оқушыларды анықтау, жастардың өнерге қызығушылығын арттыру, кәсіби бағдар беру және мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайту болды.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Университетіміздің шығармашылық және спорт кафедрасы жас таланттарды қолдап, өнер мен шығармашылыққа қызығушылығы жоғары талапкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңын қалыптастыруда. Мұнда студенттер кәсіби білім алып қана қоймай, өздерінің шығармашылық әлеуетін дамытып, заманауи бағыттармен ұштастыра отырып, болашақ маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік алады.