Ualikhanov University-де «Study in Kazakhstan» стипендиялық бағдарламасы аясында білім алуға келген палестиналық студенттер үшін психологпен кездесулер ұйымдастырылды.

Университет психологы Алтын Манапова Палестинадан келген студенттердің екі тобымен кездесіп, олардың жаңа мәдени және білім беру ортасына бейімделуі, күйзеліске төзімділігін арттыру және эмоционалдық жай-күйін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесулер барысында студенттер мәдени ортаға бейімделудің ерекшеліктерін, басқа елдегі өмірдің алғашқы айларында туындауы мүмкін қиындықтарды талқылады. Сондай-ақ күйзелісті басқару, мазасыздықты азайту және эмоционалдық тепе-теңдікті сақтаудың практикалық әдістерімен танысты.

Алтын Манапова университеттің Психологиялық қызметінің жұмысы, жеке кеңес алу және топтық кездесулерге қатысу мүмкіндіктері, құпиялылық қағидаттары мен психологиялық көмекке жүгіну тәртібі туралы ақпарат берді.

Мұндай кездесулер шетелдік студенттердің жаңа ортаға тезірек бейімделуіне, өздерін сенімді сезінуіне және қажет болған жағдайда психологиялық қолдау алуына мүмкіндік береді.