15 сәуір күні Ualikhanov University-де Қазақстан Республикасының Ғылым күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға ғалымдар, жас зерттеушілер, оқытушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ бизнес өкілдері мен университет серіктестері қатысты.

Іс-шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Серікбайұлы Жаркешов құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ бірқатар ғалымдарға облыс әкімінің атынан алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстады.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Марат Сырлыбаев университетімізде ғылым бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындыларын айтып, ғылыми қауымдастықтың негізгі жетістіктерін атап өтті. Өз сөзінде ол 2025 жылдың университет ғылымының дамуы үшін серпінді жыл болғанын ерекше атап өтті: 57 ғылыми жоба жүзеге асырылып, олардың жалпы қаржыландыру көлемі 1,8 млрд теңгеден асты. Маңызды жетістіктердің қатарында Академиялық және зерттеу үздігі орталығын құруға арналған 3 млрд теңге көлеміндегі мегагранттың алынуы және бес заманауи ғылыми зертхананың іске қосылуы бар.

Университеттің жарияланымдық көрсеткіштері де айтарлықтай артты: 2025 жылы ғалымдар Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін 22 монография мен 144 ғылыми мақала жариялап, 10 патент пен 24 авторлық куәлік алды.

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – марапаттау рәсімі болды. Ғалымдар, оқытушылар және жас зерттеушілердің үздік өкілдері алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар университет ғалымдарының мемлекеттік наградалары да атап өтілді.

Мерекелік іс-шара аясында Ақмола облыстық филармониясының әртістері шақырылып, ән-күйлерін тарту етті.

Іс-шара әсерлі әрі шабыттандырарлық атмосферада өтті. Ғалымдар мен зерттеушілердің жетістіктерін дәріптеу ерекше мәнге ие, өйткені ғылым үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді. Ualikhanov University Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, ғалымдар мен зерттеушілерді қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға, жаңа идеяларын жүзеге асыруға және зерттеушілердің жаңа буынын даярлауға жағдай жасап келеді. Университет алдағы уақытта да ғылыми қауымдастықты қолдауды жалғастырып, ғылымды өзінің дамуындағы басты басымдықтарының бірі ретінде нығайта бермек.