2026 жылғы 30 сәуір күні Ualikhanov University-де «Адал азамат» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Суды үнемде - болашақты сақта!» тақырыбында эко-сағат өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Университет алаңынан Ақмола облысындағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері YouTube платформасы арқылы онлайн форматта қосылды.

Іс-шара су ресурстарын ұтымды пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында өткізілді.

Іс-шараны университет ректоры Сырлыбаев Марат Қадырұлы ашып, оқу орнында су ресурстары мен олардың сапасын зерттеу бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.

Кездесуде спикерлер ретінде ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Амангелдіұлы Момышев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Сағатович Балпан және «Adam Agro» ЖШС директоры Сарыбаев Нармухан Қалымаханұлы сөз сөйледі.

Іс-шара барысында су үнемдеу саясаты, экологиялық қауіпсіздік және су ресурстарының болашағы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Студенттер өз сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.

Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы ғылыми-зерттеу және волонтерлік жобаларға белсенді қатысқан студенттерге ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің алғыс хаттары табысталды.Кездесу аясында қонақтар университеттің су ресурстарын зерттеу және тұрақты даму бағытындағы ғылыми жобаларымен танысып, «Су сапасы» ғылыми-зерттеу орталығы мен ЯМР зертханасының жұмысымен танысты.

Мұндай кездесулер жастардың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.