Ualikhanov University-де құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған әлеуметтік фильмдер көрсетілді
Ualikhanov University-де Жоғары бизнес және құқық мектебінің студенттеріне арналған құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбындағы қысқаметражды деректі фильмдердің көрсетілімі өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
Көрсетілім барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалған екі фильм ұсынылды: есірткі заттарын тарату мәселесіне арналған «Не книжные закладки» және жастар арасындағы буллинг тақырыбын қозғайтын «Хулиганка».
Фильмдер нақты оқиғаларға негізделіп, ойланбай жасалған әрекеттердің салдарынан қиын жағдайға тап болған жастардың тағдырын көрсетеді. Мұндай формат құқықбұзушылықтың салдарын нақты әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік берді.
Көрсетілімнен кейін есірткі қылмыстары мен буллингтің алдын алу мәселелері бойынша өзекті тақырыптар талқыланды.
Сарапшылар ретінде Ақмола облысы Полиция департаментінің жедел уәкілі Бекзат Ағыиковна Назарова және Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Талғатқызы Курсанова қатысты.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
Мұндай іс-шаралар студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және университет пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.