2026 жылғы 3 маусымда Ualikhanov University-де көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-педагог, тарихшы Қожахмет Балахметовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қ. Б. Балахметов: тұлға, ғалым, қайраткер» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, педагогтер, білім саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, магистранттар мен студенттер қатысты.
Конференция қатысушыларына Ualikhanov University ректоры Марат Қадірұлы Сырлыбаев пен Айыртау ауданының әкімі Мейрам Жақсылықұлы Мендыбаев құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыс барысында Қожахмет Балахметовтың өмір жолы мен кәсіби қызметіне, отандық білім беру жүйесі мен педагогикалық ғылымның дамуына қосқан үлесіне арналған баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар тарихи-педагогикалық мұраны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы және педагог тұлғасының қоғам дамуындағы рөлі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция көрнекті педагог әрі қоғам қайраткерінің бай мұрасын дәріптеуге, ғылыми пікір алмасуға және оның идеяларын қазіргі білім беру кеңістігінде жаңаша зерделеуге мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.