Іс-шара студент жастар мен мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және медиа саласының өкілдерін бір алаңға жинап, қазіргі жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік берді.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Юлия Кучинская мен Наталья Дементьева, «YARD production» маркетингтік агенттігінің жетекшісі әрі контент-продюсер Нұржан Қария, «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің мүшесі Жеңіс Ақанұлы, сондай-ақ университет басшылығы қатысты. Диалог алаңына Ualikhanov University студенттері белсенді қатысып, қонақтармен еркін пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қою мүмкіндігіне ие болды.

Кездесу барысында жастар саясаты, білім беру сапасы, жұмыспен қамту, еріктілер қозғалысын дамыту, азаматтық белсенділік, цифрлық трансформация және жеке тұлғалық даму мәселелері кеңінен талқыланды. Ашық диалог форматы қатысушыларға спикерлердің пікірлерін тыңдап қана қоймай, қоғамдағы өзекті үдерістер мен сын-қатерлерге қатысты өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік берді.

Әсіресе сұрақ-жауап сессиясы ерекше қызығушылық тудырып, студент жастар мен депутаттар арасында мазмұнды әрі ашық әңгіме өрбіді. Жастар білім сапасы, кәсіби даму мүмкіндіктері, жас мамандарды қолдау, өңірлердің дамуы және жастардың қоғамдық өмірге қатысуы сияқты маңызды тақырыптарды көтерді. Өз кезегінде спикерлер кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, өмірлік ұстанымдары мен еліміздің болашағын қалыптастырудағы жастардың рөлі туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Сапар аясында қонақтар университеттің инновациялық инфрақұрылымымен танысып, өңірдегі бағдарламалау және жасанды интеллект бағытындағы жаңа буын мектебі – Tomorrow School-ды, «Инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасын, сондай-ақ жастар көшбасшылығы мен еріктілік бастамаларын дамытуға бағытталған UNICEF Zhastary еріктілер хабын аралады.

«BIR TOLQYNDA» диалог алаңы жастар мен қоғам өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайтып, ашық пікір алмасудың тиімді алаңына айналды. Мұндай кездесулер өзекті мәселелердің шешу жолдарын бірге талқылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, жастарды белсенді, бастамашыл әрі жауапты азамат болуға, ел дамуына өз үлесін қосуға жігерлендіреді.