Бүгін Ualikhanov University-де Инновациялар департаментінің ұйымдастыруымен «Университет – Бизнес: технологиялық сұраныстардан бірлескен жобаларға дейін» тақырыбында стратегиялық сессия өтіп, ғылым, бизнес және өндіріс өкілдерін ортақ алаңда тоғыстырды.

Іс-шараға Ақмола облысының мемлекеттік органдарының өкілдері, өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары, соның ішінде «Тыныс» АҚ, «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Степногорск подшипник зауыты» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ, «Көкшетаугидрогеология» АҚ, «Айдабол спирт зауыты» АҚ, «Семізбай-U» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС және басқа да компаниялар, сондай-ақ Ualikhanov University ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Сессияны Ualikhanov University-дің интернационалдандыру және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры Жайлагүл Сағындықова ашты. Сондай-ақ қатысушылар алдында Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Сабирова, Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тушанов және Ақмола облысы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек сөз сөйледі.

Стратегиялық сессияның модераторы инновациялар департаментінің басшысы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сая Бекетовна Жапарова болды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпорындардың өзекті өндірістік және технологиялық мәселелерін айқындау, болашақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған техникалық тапсырмаларды қалыптастыру, сондай-ақ университет пен бизнес арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту болды.

Жұмыс бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылды: машина жасау және өндіріс, тау-кен өнеркәсібі, өнеркәсіптік технологиялар мен энергетика, азық-түлік өндірісі және экологиялық шешімдер. Талқылау барысында қатысушылар салалардағы негізгі мәселелерді анықтап, бірлескен инновациялық жобалардың негізіне айналуы мүмкін ұсыныстар әзірледі.

Сессия аясында университеттің ғылыми және инновациялық әлеуеті таныстырылып, ғылым мен өндіріс ықпалдастығын күшейтудің жаңа тетіктері қарастырылды. Мұндай формат өңір кәсіпорындарының нақты қажеттіліктеріне жауап беретін практикалық шешімдерді әзірлеуге және ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Ualikhanov University қызметінің маңызды бағыттарының бірі – бизнес пен өндірістің нақты сұраныстарына жауап беретін қолданбалы ғылымды дамыту. Ғалымдар мен кәсіпорындардың тығыз әріптестігі ғылыми идеяларды нақты технологияларға, инновациялық өнімдер мен тиімді шешімдерге айналдырып, өңір мен ел экономикасының дамуына үлес қосады.

Ualikhanov University ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, бірлескен жобаларды іске асыруға, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және өңірдің технологиялық дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.