2026 жылдың 22 маусымында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2024-2026 жылдардағы BR22883585 «Жайылымдардың өнімділік әлеуетін арттырудың және оларды ұтымды пайдаланудың тиімді технологияларын әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы шеңберінде Дөңгелек стол өткізілді. Кездесуге: қауымдастырылған профессор, профессор – Р.Е. Нургазиев, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау мемлекеттік комиссиясы Ақмола облыстық филиалының өкілдері, Ауыл шаруашылығы және биоресурстар кафедрасының аграрлық ғалымдары қатысты.

Жиынды ашқан Рашит Есенгелдіұлы қазіргі таңда университеттің аграрлық ғалымдары Қазақстанның жетекші ғалымдарымен бірлесіп, өнімділігі жоғары жайылымдық жерлерді құру бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Жиында сөз алған Ехсанов А.М., Рамазанов А.Ж., Аужанова М.А., Алпысов А.Р. облыста мал шаруашылығының жем-шөп базасын құруға және оны жақсартуға толық мүмкіндік бар екеніне тоқталып, мал азығы өндірісін дамытудың өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша аграрлық ғалымдар Ақмола облысында мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісін дамытудағы түйткілді мәселелерді шешу үшін өндіріспен бірлескен өзара тиімді жұмыс жасауға дайын екендіктерін айтып шықты.