25 мамыр күні Ualikhanov University-ге Директорлар кеңесінің төрағасы Найман Бөбейұлы Қалабаев пен Директорлар кеңесінің мүшесі Темірхан Анапияұлы Толқынбаев арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында институттар мен жоғары мектептердің директорларымен, кафедра меңгерушілерімен, құрылымдық бөлімше басшыларымен, профессор-оқытушылар құрамымен және университет қызметкерлерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында 2025 - 2026 оқу жылының қорытындылары шығарылды. Университет басшылығы білім беру, ғылым және басқару салаларындағы негізгі жетістіктер мен нәтижелерді таныстырып, алдағы кезеңге арналған басым даму бағыттарын ұсынды. Өз кезегінде Директорлар кеңесінің мүшелері есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың қорытындыларын, қабылданған шешімдерді және университеттің тұрақты дамуы мен басқару тиімділігін арттыруға бағытталған Кеңес қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды.
Сапар барысында Директорлар кеңесінің мүшелері «Инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік» ғылыми-зерттеу зертханасының жұмысымен танысып, «ЮНИСЕФ Жастары» волонтерлік хабында, Tomorrow School филиалында, №3 Студенттер үйінде және университеттің спорттық инфрақұрылым нысандарында болды.
Сапар Директорлар кеңесінің кезекті отырысымен қорытындыланды. Отырыс барысында университет қызметінің өзекті мәселелері қаралып, білім беру сапасын арттыруға, ғылымды дамытуға және Ualikhanov University-дің заманауи инновациялық университет ретіндегі әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған стратегиялық бастамаларды одан әрі іске асыру мәселелері талқыланды.