Ualikhanov University-де аға буын өкілдеріне арналған «Күміс университеттің» алтыншы оқу маусымының салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараның құрметті қонағы - Үшінші буын университеттерінің халықаралық қауымдастығының (AIUTA) президенті, профессор Франсуа Веллас. Сондай-ақ жаңа маусымның ашылуына Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның Күміс университеттерінің өкілдері қатысты.

AIUTA президентінің сапары аға буын өкілдеріне білім беру бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді. Ualikhanov University 2024 жылдан бері AIUTA құрамында және өмір бойы білім алу қағидатын дамытуға, сондай-ақ Қазақстандағы Күміс университеттердің халықаралық байланыстарын кеңейтуге белсенді атсалысып келеді.

Сапар аясында Франсуа Веллас Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының (ҚКУҚ) өкілдерімен кездесті. Тараптар үшінші буын университеттерін дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу, жаңа білім беру форматтарын енгізу және AIUTA-мен алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бүгінде Қауымдастық 15 университет пен 1 500-ден астам тыңдаушыны біріктіріп, аға буынға арналған білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықаралық байланысты нығайтуға үлес қосып келеді.

Биыл тыңдаушыларға ағылшын тілі, психология, бизнес негіздері, компьютерлік және цифрлық сауаттылық, әлеуметтік желілердегі маркетинг, жасанды интеллект, құқықтық сауаттылық, алғашқы медициналық көмек көрсету және басқа да бағыттар бойынша курстар ұсынылады.Жаңа оқу маусымының аға буын өкілдеріне ерекше көңіл бөлінетін қазан айында басталуының да өзіндік мәні бар.

«Күміс университеті» тыңдаушыларға жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге, белсенді өмір салтын жалғастыруға және өз тәжірибесін кейінгі ұрпақпен бөлісуге мүмкіндік береді. Бұл - өмір бойы білім алу қағидатын жүзеге асырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын әлеуметтік-білім беру алаңы.