27 қазанда Ualikhanov University-де «Ұлттық қазына» жобасы аясында «Jeti Qazyna» интеллектуалды-танымдық ойыны бастау алды.
Ойын республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасының мақсаттарымен үндесіп, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға, таным көкжиегін кеңейтуге және үздіксіз ізденіске ынталандыруға бағытталған.
Ойынға университеттің 16 кафедрасынан құралған командалар қатысады. Әр команда жеті адамнан тұрады. Қатысушылар арасында университет оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері бар. Олар екі топқа бөлініп, бірнеше ай бойы білімдері мен тапқырлықтарын сынайды.
27 қазанда бірінші топ командалары алғашқы ойынға қатысса, 28 қазанда екінші топ командалары зияткерлік сайысқа түсті.
«Jeti Qazyna» ойынында қатысушылар тарих, мәдениет, әдебиет, ғылым, спорт және басқа да салаларды қамтитын қызықты сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау қабілеттері мен жалпы эрудициясын көрсетеді.
Ойын барысында интернет пен электрондық құрылғыларды пайдалануға рұқсат етілмейді. Сондықтан әр команда үшін білім қоры, жылдам ойлау, өзара пікір алмасу және бірлесіп шешім қабылдау маңызды.
Зияткерлік дода жеті кезеңнен тұрады. Ойындар 2027 жылдың сәуір айына дейін жалғасып, мамыр айында үздік командалар марапатталады.
«Jeti Qazyna» - тек білім жарысы емес, университет ұжымын жақындастыратын, қатысушылардың қабілеттерін жаңа қырынан танытатын және зияткерлік орта қалыптастыратын жоба.
Ойынның жалпы жүлде қоры - 1 миллион теңге!
Барлық командаларға сәттілік тілейміз! Алда қызықты ойындар, тартысты бәсеке мен жарқын жеңістер күтіп тұр!