Бүгін Ualikhanov University Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен (ХАТУ) келген студенттер делегациясын қарсы алды.
Сапар бағдарламасы екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық, мәдени және жастар ынтымақтастығын дамытуға, студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ қонақтарды университеттің білім беру ортасымен, өңірдің тарихы мен мәдениетімен таныстыруға бағытталған.
Бағдарлама аясында студенттер университеттің оқу және ғылыми инфрақұрылымымен танысып, түрлі білім беру, мәдени және танымдық іс-шараларға қатысады. Сонымен қатар олар Көкшетау қаласының көрікті орындарын аралап, Ақмола өңірінің тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болады.
Делегацияның алғашқы күні Ualikhanov University мен ХАТУ студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Жеті қазына» зияткерлік ойынымен басталды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы аясында өткізілді.
Зияткерлік ойынның мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және оқырмандық мәдениетті қалыптастыру. Ойын барысында қатысушылар әлем және қазақ әдебиеті, белгілі ақын-жазушылар, әдеби кейіпкерлер мен көркем шығармалар бойынша білімдерін сынады.
Іс-шара студенттердің өзара танысуына, пікір алмасуына және достық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді. Қатысушылар жоғары белсенділік танытып, өздерінің эрудициясы мен тапқырлығын көрсетті.
Осындай бастамалар университеттер арасындағы серіктестікті нығайтып, жастардың мәдени және академиялық көкжиегін кеңейтуге, сондай-ақ болашақтағы бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға ықпал етеді.Қонақтарға Ualikhanov University-дегі сапарлары сәтті әрі мазмұнды өтіп, жарқын әсерлер мен жаңа достықтарға толы болуын тілейміз!