15 - 26 маусым аралығында Ualikhanov University-де Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы ұйымдастырған «Жоғары оқу орындарындағы критериалды бағалау технологиялары» атты біліктілікті арттыру курстары өтті. Курсқа университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Бағдарлама оқу нәтижелерін бағалаудың заманауи тәсілдерін жетілдіруге бағытталды. Оқу барысында қатысушылар білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бағалау критерийлері, дескрипторлар мен рубрикаларды қалыптастыру, академиялық адалдық қағидаттарын сақтау, сондай-ақ білім беру процесінде цифрлық технологиялар мен генеративті жасанды интеллектті қолданудың өзекті мәселелерін жан-жақты қарастырды.
Бағдарлама аясында дәрістерді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының директоры Әлібек Серғазыұлы Мәдібеков, «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Берлесұлы Сәкенов және Ұлттық орталықтың аға сарапшысы, жоғары білім беру саласының халықаралық сарапшысы Марина Александровна Скиба жүргізді. Курс барысында қатысушылар жоғары білім беру жүйесінде қолданылатын озық тәжірибелермен және заманауи бағалау құралдарымен танысты.
Ualikhanov University Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығына біліктілікті арттыру курстарын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, сарапшылық қолдау көрсеткені, бағдарламаның практикалық бағыты мен нәтижелі ынтымақтастығы үшін шынайы алғысын білдіреді.
Курс барысында меңгерілген білім мен заманауи әдіс-тәсілдер Ualikhanov University-де білім беру бағдарламаларын жетілдіруде, оқу нәтижелерін бағалау жүйесін дамытуда және білім беру сапасын қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін одан әрі жетілдіруде кеңінен қолданылатын болады.