2026 жылғы 15 сәуірде басталған AI-SANA республикалық бағдарламасының екінші кезеңі 30 маусымда өз мәресіне жетті.
Екінші кезеңнің аяқталуымен тұспа-тұс Ualikhanov University-ге Woosong University (Оңтүстік Корея) профессоры, DBA, AI-SANA бағдарламасының білім беру модульдерінің бірінің әзірлеушісі Yoo Taek Lee арнайы сапармен келді. Бұл кездесу бағдарламаның қорытынды кезеңімен сәйкес келуімен ерекше мәнге ие болды.
Сапар барысында профессор AI-SANA бағдарламасының кураторларымен арнайы кездесу өткізіп, жасанды интеллект саласындағы білім берудің маңыздылығы, университеттердің жаңа буын мамандарын даярлаудағы рөлі және еліміздің технологиялық дамуы үшін AI құзыреттерін қалыптастырудың стратегиялық маңызы жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар профессор студенттермен, университет басшылығымен кездесулер өткізіп, профессорлық-оқытушылық құрамға арналған жасанды интеллект технологиялары мен оларды білім беру үдерісіне енгізудің заманауи тәсілдері бойынша семинарлар ұйымдастыруда.Ualikhanov University студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект, технологиялық кәсіпкерлік және инновациялық қызмет саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған AI-SANA республикалық бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
2025-2026 оқу жылы ішінде университетте AI-стартаптарды қолдаудың тиімді экожүйесі қалыптасты. Осы кезеңде өткен стартап-конкурстарында ондаған студент білім беру, ауыл шаруашылығы, медицина, мемлекеттік басқару, құрылыс, әлеуметтік сала және басқа да бағыттар бойынша жасанды интеллектке негізделген инновациялық жобаларын ұсынды. Үздік жобалар университеттің гранттық қолдауына ие болып, олардың әрі қарай дамуына, акселерациялық бағдарламаларға қатысуына және коммерцияландыруға дайындалуына мүмкіндік алды.
Ualikhanov University үшін AI-SANA бағдарламасы – тек жасанды интеллект саласындағы мамандар даярлау ғана емес, сонымен қатар білім, ғылым, технологиялық кәсіпкерлік пен инновацияны тоғыстыратын өңірлік құзыреттер орталығын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Университет жоғары білікті кадрларды даярлауға, AI-стартаптарды дамытуға және Ақмола облысының технологиялық әлеуетін арттыруға ықпал ететін заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге жүйелі түрде үлес қосуды жалғастырады.