Ualikhanov University-дің Data Science білім беру бағдарламасының үшінші курс студенттері Мовсар Бузуртанов пен Даниял Нұрланов егістік алқаптарының жай-күйін бағалауға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін болжауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі Sator стартап-жобасын әзірледі.
Жоба 31 қазанда Назарбаев Университетінде өткен National Founder Cup Astana 2026 стартаптар байқауында бірінші орын иеленді. 16 команда қатысқан байқауда студенттердің әзірлемесі практикалық маңыздылығы және агроөнеркәсіп кешенінде заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері үшін қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Стартаптың даму жолы AI-SANA бағдарламасы аясында басталды. 2026 жылдың мамыр айында Мовсар Бузуртанов пен Даниял Нұрланов университетте AI-SANA бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған жасанды интеллект жобалары байқауына AgroMind атауымен қатысып, бірінші орын жеңіп алды. Жас әзірлеушілер жобаны одан әрі дамыту үшін 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды. Кейін студенттер технологиялық шешімді жетілдіріп, жобаны Sator атауымен дамытуды жалғастырды.
Sator платформасы спутниктік мониторинг мәліметтерін, метеорологиялық көрсеткіштерді, топырақтың сипаттамаларын және егін өнімділігі туралы тарихи статистикалық деректерді біріктіреді. Осы ақпаратты жасанды интеллект көмегімен талдау арқылы жүйе ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін алдын ала болжайды. Бұл агроөндірушілерге шаруашылық қызметін тиімді жоспарлауға және деректерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Стартап-жоба Қазақстанның аграрлық секторы үшін өзекті. Ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану өндіріс тиімділігін арттыруға, жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және егін өнімділігін болжау әдістерін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай технологиялық шешімдердің әсіресе аграрлық әлеуеті жоғары Ақмола облысы сияқты өңірлер үшін практикалық маңызы зор. Sator жобасы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына арналған отандық цифрлық шешімдерді дамытуға бағытталған.
Бүгінде жас әзірлеушілер платформаны 178 егістік алқабының деректері негізінде сынақтан өткізді. Сонымен қатар команда жобаны одан әрі дамыту және технологияны ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы компанияларымен келіссөздер жүргізуде.
Стартапты дамытудың келесі кезеңі - платформаны нақты өндірістік жағдайда сынақтан өткізу. 2027 жылы студенттер ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен бірлесіп, өнімділікті болжау дәлдігін тексеруді, машиналық оқыту алгоритмдерін жетілдіруді және әзірлемені нарыққа шығаруға дайындауды жоспарлап отыр.